Қазақстанда құқық қорғау қызметіне қабылдау ережелері өзгертілді

Енді прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және экономикалық тергеу қызметіне қызметке түскісі келетіндер бастапқы кәсіби даярлықтан өтуі тиіс.
Хабарланғандай, жаңа енгізілімдер қатардағы, кіші және орта басшы құрам лауазымдарына құқық қорғау қызметіне алғаш рет қабылданатын адамдарға қатысты.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 13 мамырдағы Жарлығымен аталған кәсіптік даярлықты өткізу жөніндегі функциялар Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясына жүктелген.
Прокуратура органдарына қызметке үміткерлер үшін оқу мерзімі 1 жыл, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және экономикалық тергеу қызметі – 6 айды құрайды.
«Бастапқы кәсіби дайындыққа тиісті жоғары заңгерлік білімі бар отыз бес жастан аспаған азаматтар қабылданады. Келіп түскен барлық тұлағалар мемлекет есебінен стипендиямен, тамақтанумен және тұрумен қамтамасыз етіледі», - делінген хабарламада.
Оқуға түсу үшін мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органда (құқық қорғау қызметіне кіру үшін) тестілеуден, әскери-дәрігерлік комиссияларда медициналық және психофизиялық куәландырудан және полиграфиялық зерттеуден, сондай-ақ Академияда іріктеуден алдын ала өту қажет.
Бастапқы кәсіптік даярлыққа түсу, Академияға іріктеу тәртібі мен мерзімдері туралы толық ақпарат Құқық қорғау органдары мен Академияның ведомстволық сайттарында қосымша жарияланады.
Қарғалы аудандық прокуратурасы