Коронавирус туралы әр адам біле жүрсе

Бүгінде жаңа коронавирустің таралуына байланысты әлем бойынша сақтық шараларына назар аударылуда. Біздің ауданда сол әлемнің бір бөлшегі, оның үстіне ірі держава Ресеймен іргелес елді мекенбіз. Ендеше алдын алу шарасы бізде жіте қадағалануы керек. Осы орайда ауданымыздың бас дәрігері Берік Қуандықұлы Жаржановтан сақтықты сұрап білген едік.
- Берік Қуандықұлы қазіргі таңда дүниежүзі бойынша пандемиялық сипат алды деп танылып отырған коронавирус дерті туралы не айтасыз?
Коронавирус инфекциясы бүкіл әлемді алаңдатып отырған дерт. Қазіргі таңда - пандемиялық сипат алып отырған індет. Біздің елімізде де коронавирус ауруына орай үстіміздегі жылдың 16 наурызынан бастап 15 сәуірі аралығында төтенше жағдай режимі жарияланып отырғанын бәріміз білеміз. Жалпы коронавирус туралы айтар болсақ бұл ауру коронавирус дерті — адамдарда осы уақытқа дейін анықталмаған коронавирустың жаңа штаммы. COVID-2019 деген атауға ие болған жаңа коронавирус 2019 жылдың желтоқсан айында Қытайдың Ухань қаласында аурудың таралуы барысында анықталды.
-Дүниежүзі бойынша адамзат баласына үрей тудырып отырған бұл дерттің Қазақстан бойынша жағдайы қандай?
Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус дертін қатаң бақылауға алып, күнделікті талдау жұмыстарын жүргізіп отыр. Осыған орай біздер коронавирус жұқтырған науқастардың нақты саны мен карантинге алынғандар саны туралы күнделікті брифинг қорытындысы бойынша мәлімет алып отырамыз. Мысалы COVID-19 бойынша 17 наурыздағы статистикасы келесідей:
27 - Коронавирус жұқтырудың нақтыланған саны
1536- стационар карантинде
1094- үй карантинінде
Ал, біздің аудан бойынша коронавирус жұқтырған науқастар мен карантиндік бақылауға алынған адамдар тіркелген жоқ.
- Қазіргі таңда аудандық медицина саласының дайындығы қандай деңгейде, қандай іс – шаралар жүргізіліп жатыр? Облыс бойынша ахуалды мәселеге айналып отырған бетперде жеткілікті –мәселе жоқ, дақпырт жалған ақпаратқа сенбеу керек.
Бір реттік және көп реттік бетперде қоры аурухана, емхана, дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық пунктер бойынша жеткілікті. Медицина қызметкерлері мен науқастардың бетпердеге қажеттілігін толықтай қамтамасыз етіп отырмыз.
Коронавирус дертінің төтенше жағдай режиміне орай аудандық аурухана бойынша жоспарлы 54 керуетке қосымша жұқпалы аурулар бөлімінен 50 төсек орын әзірленді. Жұқпалы аурулар бөлімі қажет болған жағдайда толығымен осы ауруға берілетін болады. Оған қосымша күндізгі стационар ғимараты да карантинге анықталған адамдарға берілетін болады.
Қажетті вирусқа қарсы дәрілік препараттар, дезинфекциялық мақсаттағы жуып, тазалау құралдары мен қағаз сүлгілер, сұйық сабындар қоры жеткілікті көлемде. Обаға қарсы көп реттік 32 дана және бір реттік 180 дана костюм жиынтығы бар.
Медициналық мекемелерде дезинфекциялау жұмыстары күнделікті медицина қызметкерлерімен уақытымен жүргізіліп отырады Сонымен бірге, келісім шарт бойынша дезинфекция жоспарлы түрде барлық елді мекендегі медициналық мекемелерде жүргізіліп отырады. Шұғыл медициналық көмек көрсету мақсатында аудан тұрғындарына тәулігіне 2 жедел жәрдем бригадасы қызмет көрсетуге дайын.
- Қандай ақпараттық – түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр?
- Тұрғындарды аталмыш дерттен ақпараттандыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарын барынша кең көлемде пайдалануға тырысып жатырмыз. Жергілікті «Қарғалы» газетіне мемлекеттік және ресми тілде «Коронавирус» туралы жадынама жарияланды. Әлеуметтік желілерге (Instagram, Facebook ) «Коронавирус» туралы күнделікті ақпараттар мен бейне роликтер жүктелуде. Медицина қызметкерлері арасында 5 семинар, 2 дөңгелек үстел мен мектеп оқушылары арасында 22 дәріс ұйымдастырылып, өткізілді;
Аурухана мен білім беру мекемелері бойынша 35 денсаулық бұрышы әзірленіп, ілінді. Сонымен қатар, коронавирус туралы 5000 ақпараттық парақша мемлекеттік және ресми тілде әзірленіп, келуші науқастар арасында күнделікті таратылуда.
- Аудан тұрғындарына коронавирус дертінен сақтану шаралары бойынша қандай ұсыныс кеңес берер едіңіз?
Әрине ең алдымен қарапайым профилактикалық шараларды сақтау қажет. Ол дене қызуын күніне кемінде 2 рет өлшеу, үй-жайларын күнделікті желдету және күн сайын ылғалды жинау жұмыстарын жүргізу. Сонымен қатар қолды сабынмен 2 сағат сайын жуу, дене қызуы бар адамдар қоғамдық орындарға бармауы және медициналық көмекке уақтылы жүгінуі керек. Ең бастысы 1406 телефоны арқылы күдікті жағдайлар және қол жеткізілмеген медициналық көмек туралы хабарлау керектігін ескертемін.
- Сұхбатыңызға рахмет! Халқымызды кеселден аулақ қылсын.
Әңгімелескен: Бақыт Имашев