МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ САПАСЫ БАҒАМДАЛДЫ

Өткен аптада ауданымызға жұмыс сапарымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Әділбек Мұқашев келді. Жұмыс сапары аясында А. Мұқашев аудан әкімі Асқар Жүсібалиевпен бірлесіп аудандық орталық аурухананы, жұмыспен қамту және халыққа қызмет көрсету орталықтарын аралап, олардың қызметімен, мемлекеттік қызмет көрсету сапасымен танысты.
Ауданда көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің жай-күйін бағамдауға келген Әділбек Мұқашев, орынбасары Мейрамкүл Бибітова және Қарғалы ауданы әкімі Асқар Жүсібалиев «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының кеңсесінде қарапайым тұрғындарға және мемлекеттік қызметкерлерге қоғамдық қабылдау жүргізді. Сонымен қатар, Қарғалы аудандық ауруханасында, халыққа қызмет көрсету орталығында және халықты жұмыспен қамту орталығында болып, жұмыс барысында электронды жүйелердің игілігін қызмет көрсетуде тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.
Сапар аясында департамент басшысы аудан әкімдігінде жергілікті мемлекеттік қызметшілермен кездесті. Кездесуде Мейрамкүл Бибітова аудандағы кадрлармен жұмыс барысы, Әдеп кодексін сақтау жөнінде және электрондық құжат айналымы туралы баяндама жасады. Жиында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен мемлекеттік қызметшілердің әдебіне қатысты мәселелер талқыланды.
Қарғалы-ақпарат