Аянат аянып қалмады

Өткен аптаның сәрсенбісінде аудандық мәдениет үйінде аудандағы мектептерден талабы таудай оқушылар қатысқан «Тұлпар мініп,ту алған» атты республикалық деңгейдегі аудандық іріктеу сайысына 47 талапкер қатысып бақ сынады.
ҚР Тұңғыш Президенті Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген басымдылықтарды жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған «Қазақ эпосы» ағарту жобасының аудандық тұғырында Қобыланды батыр эпосын толық жатқа оқу талап ережелері алдын ала мектептерге жолданып таныстырылған. Үш кезеңнен тұратын сайыста жырды толық жатқа айту, сұрақ -жауап, жырда кезігетін көнерген тарихи сөздердің мағынасына жауап беру. Алайда кейбір мектептер әйтеуір қатыссақ болдыны танытып 1-2 бет жаттаған оқушыларды да ала келгендіктері де байқалып қалды. Шәкірттерін үкілеп қосқан ұстаздармен талапкерлер алдында «Ақтөбе- Дарын» өңірлік ғылыми тәрбиелік қосымша білім беру орталығы, шығармашылықты дамыту бөлімінің басшысы Замира Табынбаева сайыстың мән-мағынасына тоқтала, сайыс ережелерін еске салып, талапкерлерге сәттілік тілеп, осы өткен сайысқа жетекшілік етті. Сонымен мектеп оқушылары топ – топпен сахнаға көтеріліп дастанды жатқа айтып шықты. Жеңімпаздар екінші кезеңге өтіп іріктелді. Мүлт кеттім дегендерге екінші мүмкіндік берілді анық айтқанда шын талаптанғандар анықталды. Қатарларының алды болған В.И.Пацаев атындағы орта мектептің 7 сынып оқушысы Аянат Ықылас мәтінді толық жаттап қай жерден оқыса да мүдірген жоқ. Жыр жаттауда аянбаған Аянат 1 орынды иеленіп, 150 мың ақшалай сыймен 1 дәрежелі дипломмен марапатталып облыстық байқауға жолдама алды. Біздің айтарымыз асықпай оқып намысты қолдан бермегейсің, сәт сапар!
65 бетті жатқа айтқан Сазды орта мектебінің 11 сынып оқушысы Гүлдана Көпесованың жаттаған беті аздау демесек оқу мәнері анықта – қанық, үндесіп- ақ тұрды. Ақтық сында 2 орынға еңбегі бағаланып 100 мың ақшалай сыйлықпен 2 дәрежелі диплом қоса табысталды. Екінші кезеңдегі іріктеуде сенімге ие бола жаттағанын жаңылмай аяғына дейін айтып шыққан №2 Бадамша орта мектебінің 10 сынып оқушысы Жұмасұлу Наурызбай 3 орынды місе тұтып 50 мың ақшалай сыйлықпен 3 дәрежелі дипломға ие болды.
Айта кету керек осынша еңбекке дем беріп бар білгенін аямай үкілеп қосқан шәкірттерінің жеңісіне қуанатын, әттең-ай деп қиналған шәкіртін жетелеген ұстаздардың еңбегі ерен. Осы сайыста шәкірттерін дайындап топқа қосып жеңістің жемісін терген ұстаздар еңбегін елеген аудандық білім бөлімі «Ақтөбе Дарын» өңірлік ғылыми- тәжірибелік қосымша білім беру орталығының өкілі З. Табынбаеваның алғысына бөленді. Сонымен қатар еңбектерінің елеуіндей Алғыс хатпен марапатталған Аянаттың мұғалімі Гаухар Түрімбет, Гүлдананы үкілеп қосқан Ақсұңқар Оралова, Жұмасұлуға жалықпай бағыт берген Гүлжан Ержанбаевалар еңбектерінің еш кетпей бағаланғандарына риза болысты.
Сайыс өз мәнінде өтті, жеңімпаздар байқалды. Бір сөзбен айтқанда алғаш сайыста барды салған Аянатқа Ақ жол демекпіз.
Бақыт Имашев