ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ЖИЫН

Жемқорлық - бүкіл қоғам болып күресетін қуіпті індет. Қазіргі кезде елімізде жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың барлық құқықтық құралдары жасалған. Алайда, әлі де әр жерден жең ұшынан жалғасқандар байқалып қалады. Сондықтанда бас қосып жемқорлыққа қарсы күрес тоқталмауы керек.
Осы жолғы келген ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің Ақтөбе облысы бойынша басшысы Мирлан Мұхамбетов пен Ақтөбе- адалдық кеңсесінің басшысы Мұхтарита Сағындықовалардың біздің ауданға арнайы келген іс сапарларында жемқорларға тосқауыл барысындағы әңгіме қозғалды.
Өткен аптаның бейсенбісінде аудан әкімдігінде өткен жиынға аудан әкімі Асқар Жүсібалиев жетекшілік етіп, аудандық мәслихат хатшысы Надежда Заглядова, "Nur Otan" партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сапарбек Аманжолов, аудандық қоғамдық, ардагерлер кеңесінің мүшелері, ауылдық округі әкімдері, аудандағы білім саласының, мекеме, ұжым басшылары қатысты. Жиынға жиылғандарға аудан әкімі А.Жүсібалиев бүгінгі ауданға атбасын тіреген ақпаратшылармен таныстырып негізгі мақсаттарына тоқтала сөз кезегін Мирлан Мұхамбетовке берді.
Баяндамашы сөз басын ел президенті Қасым - Жомарт Тоқаевтың жеті бағыттан тұратын жемқорлықпен күрес бағытындағы тапсырмасынан бастап айтқан тапсырмасының үзіндісін де келтіре кетті. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев еліміздің тұңғыш президенті Н. Назарбаевтың жемқорлықпен күрес жөніндегі тапсырмасын басшылыққа ала өз сөзінде мемлекеттік қызметкерлердің әлеуметтік желіде белсенділік танытып, халықпен тығыз қатынас орнатуы жөніндегі тапсырмасына кеңірек тоқталды. Сонымен қатар жобалық кеңсе бағыттарын жеке тұрғындардың әлеуметтік желідегі белсенділігін ескертіп, инстаграм желісінде тұрақты тікелей эфир ашылғандығын еске сала, кімдер бастамашы болғандығымен де өз сөзін толықтырды. Одан әрі аталмыш желіде мемлекеттік мекемелердің басшылары жауап беретіндігін айта тұра, бүгінгі күнге дейін тіркеліп диалогтық түсіністікті бастап кеткен мемлекеттік мекеме басшыларын атап, үлгі тұтуға шақырғандай болды.
Сөзінің соңында әділетсіздікті көргендер мемлекетті кінәлап өз реніштерін білдіріп жатады. Алайда жемқорлықпен күресуге келгенде сенімді атсалыспайтын азаматтар да жемқорлармен күреске қол байлау болып тұрғандығына да тоқталды. Ел басшылары азаматтарымыздың күнделікті тұрмыста жемқорлықты көре тұра заңды белден басып, тәртіпті ұмытып, парақорлыққа баратындармен тұрғындарды ашық күреске шақыра, жемқорлармен ымырасыз күреске шақырып, қайда, қалай хабарласу керектігін еске сала кетті.
Баяндамашы өз сөзінің түйінін бейнекөрініс арқылы елімізде жаза басып құрықталған жемқорларды жазалау сәттерін көрсете, сақтансаң сақтармын деген қағиданы да еске салғандай болды.
Келесі кезекте Ақтөбе –адалдық жобалық кеңсесінің басшысы Мұхтарита Сағындықова өз жетекшілік ететін жобалық кеңсенің жұмысымен таныстырып өтті. Ақтөбе адалдық алаңының атқаратын жұмысы халықтың жемқорлыққа қарсы күрес алаңы, яғни ойды – ой, пікір көзқарасты топтастырып, ұсынысты жүзеге асыратын орын. Дәлірек айтқанда жемқорлыққа қарсы ағарту, құқықтық сауаттылығын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ашықтығы мен айқындылығын арттыруды көздейтін Ақтөбе адалдық алаңының аз уақытта атқарған жұмыстарына да тоқталып өтті.
Айтуына қарағанда аз уақытта біраз жұмыстар атқарылған солардың бірі даңғарадай бөлмеге жайғасқан басшылардың, соның ішінде білім ошақтарының директорларының төменгі қабатқа жайғасып ықшам бөлмелерде келім - кетімге көңіл бөлуі, жүргізушілердің куәліктерін беруді оңтайландыру жол белгілерін жөнге қою т.б. бастамашылықтар басталып жүзеге асқанын жеткізді. Өз сөздерінде қос басшы да еліміз жемқорларды жүгендеуден көрсеткіші жаман емес деп серпінгендерімен елімізде Ақтөбе облысында жемқорлардан кенде емес, - деген өкпелерін де еске сала кетті. Адалдық алаңының басшысы аудан тұрғындарын Ақтөбе- адалдық алаңына байланысқа шақыра жемқорларды бірлесе ноқталауға үндегендей болды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі А.Жүсібалиев кеткен кемістікті жөнге келтіре, алдағы уақытта аудандағы мамандар адал еңбек ететіндігімен ақпаратшыларды сендіре, еңбектеріне табыс тілеп, тұшымды ақпараттары үшін алғысын жеткізді.
Бақыт Имашев