Құрбан айт мүбәрак болсын!

Ислам дінінің бесінші тірегі-қажылық. Хаж (қажылық) араб тілінде «құрметті орынды зиярат ету» деген мағынаны береді. Ал, бұл сөздің шариғаттағы мәні белгілі орындарды белгіленген уақытта, белгіленген амалдарды орындау арқылы зиярат ету немесе діннің бір тірегін орындау мақсатында Қағбаны зиярат ету.Белгілі орындар-Меккедегі Харам мешіті, Мина үстірті, Арафат және Муздалифа аймақтары. Белгіленген уақыт-қажылық айлары. Белгіленген амалдар- ихрам киімін кию, тауап пен сағи жасау, Арафатта тұру, Мина мен Муздалифада түнеу, құрбандық шалу, шаш алдыру және т.б. амалдар.
Қажылықтың үкімі- балиғат жасына толған, ақыл-есі бүтін, қаражаты жеткілікті және қажылық сапарына денсаулығы жарайтын әрбір мұсылманға парыз. Қажылықтың парыз екендігіне Құран, сүннет дәлел болады. Алла Әл-Имран сүресінде 97-аятында:«Оның жолына шамасы келген адамдарға Алла үшін Үйге (Қағбаға) қажылық жасау міндет»,-деген. Әбу Һурайра (р.а):«Алла елшісі (с.а.с) бізге құтпа оқып : «Ей, адамдар! Алла сендерге кажылықты парыз етті, сондықтан қажылық жасаңдар»,-деді.
Кез келген құлшылықтың өзіндік артықшылықтары болатыны тәрізді, қажылықтың да өзіне тән артықшылықтары мен пайдасы бар. Пенде мойнына жүктелген міндеттен құтылу арқылы сансыз сауапқа кенеледі.
Алла қажылық ғибадатын орындаған пенденің өткен күнәларын кешіреді. Олар, Алланың қонақтары және өз елдерінің өкілдері. Қажылар және умра(кіші қажылық) жасаушылар – Аллаға келген (өз елдерінің) өкілдері. Егер олар Оған дұға қылса, жауап береді (дұғаларын қабыл етеді), егер кешірім сұраса, оларды кешіреді» - хадисті жеткізген.
Арапа – қажылар Арафа жотасында құлшылық ететін күн. Қажылыққа бармаған мұсылмандар үшін 10 тамыз арапа күні ауыз бекіту – мұстахаб (жағымды) амал. Әбу Қатадан жеткен хадисте: «Арапа күнінің оразасы өткен және келер жылдардың күнәларына кәфәрат (кешірім) болады...» делінген.
Ислам әлемі аңсай күткен ұлық мерекеге де санаулы күндер қалды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2019 жылы Құрбан айт мерекесі тамыз айының 11-і күні басталатынын хабарлайды. Биыл мұсылман күнтізбесі бойынша зүл-хиджа айының бірінші күні тамыздың 2-не, ал, Арапа (Қарапа) күні 10 тамызға сәйкес келеді. Бадамша орталық мешітінде таңғы сағат 6-30 –де құрбан айт уағызы басталады сағат 7-00 де айт намазы оқылады, құрбан шалам деген адамдар әсіресе ер азаматар келуі уажиб (міндет) жалпы бас бостандығы бар, ақыл-есі бүтін, жолаушы емес адамдарға уажиб болып саналады. Намаз соңынан халық бірін-бірі құттықтап, қуаныш-қызықты бірге бөлісіп, айтшылайды. Өйткені, мерекенің мәні де ұлт пен ұлысты, тума-туысты, барша халықты бауырмалдылыққа, бірлікке ұйыстыруында, кісіні кішіпейіл де кең, қайырымды бол деп үндеуінде жатыр. Сондықтан ренжіскен кісілердің қайта табысуы, ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұл күні жақындарыңызға кішігірім болса да сый-сияпат жасаған абзал.
Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе малының еркектері де, ұрғашылары да жарамды. Қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса, құрбандыққа жарамды. Алайда ешкінің міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады. Сондай-ақ, құрбандық малының дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет. Құрбандық малын айт намазынан кейін айттың үшінші күні күн батқанға дейін шалуға болады.
Құрбандық етін үшке бөліп таратуға болады. Бір бөлігі өзіне қалады, екінші бөлігі ағайын-туыс, көршілерге беріледі, үшінші бөлігі мұң-мұқтаждарға таратылады.
Құран кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал», -деген Кәусар сүресінде. Хадис шәрифте : «Адам баласы құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді.Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді.Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалындар»,-делінген.
Құрбан-«жақындау» деген мағынаны білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – Алла ризашылығына жақындау ниетімен құрбан айт күндерінде шалынатын арнайы аты. Құрбан шалудың пайдалары мен хикметтері орындау арқылы Алланын ризашылығына жақындап, ақыретте сый-сыяпатына кенелтеді. Құрбан шалу Ибраһим (а.с.) пайғамбардын сүннеті.Адам баласына берілген сансыз нығметтеріне шүкір етіп, күнәларына кешірім тілеу, өзімшілдік, сарандық сияқты кейбір жаман сипаттардан тазалану.Оның орнына бойындағы бауырмалдық,жомарт,кішіпейіл сияқты кәмілдіктің белгісі саналатын сипаттар дәнегінің өніп-өсіп, жетілуі үшін су себеді. Құран Кәрімде : «Құрбанның етінен өздерің жендер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіндер»- Хаж сүресі.
Құрбандыққа шалынған малдын етін, терісін, сирақ-басын және сүтін қайсы бір бөлшегін болсада қасаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды. Хазрет Әли(р.а) былай дегені риуаят етіледі: «Алланың Елшісі (с.а.с.) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасап ақысы ретінде беруге маған тиым салды. «Қасап ақысын біз өзіміз береміз», деді.
Құрметті мұсылман ағайындар құрбан айт құтты болсын, құрбандарыныз қабыл болсын!
Нұрлан Қырықбаев,
аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері (Теолог маман),