Жастары белсенді елдің ертеңі жарқын

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Ата-бабадан мұра болып қалған ұлы даланың дәстүрі мен салтын келер ұрпаққа жеткізер көпірі.
Жастар – сөзінің мағынасын ашып көрсетер болсақ, 2015 жылы 9 ақпандағы №285 Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты туралы заңында, жастар – Қазақстан Республикасының он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейінгі азаматтары деп анықтама берген.
Осы азаматтарды санаттарға бөліп қарастырсақ кез-келген адам өмірінің оқушы, студент және жас маман кезеңдерін қамтиды. Яғни, бозбала сәттен толыққанды жеке тұлға ретінде қалыптасқан азамат деуге болады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев 2018 жылдың 5 қазан күні Халыққа кезекті Жолдауында – 2019 жылды «Жастар жылы» деп атауды ұсынды. Мінекей, жастар жылының басталғанына жеті ай өтіпті. Осы уақыт аралығында ауданымызда жастар саясатын жүзеге асыруда біраз жұмыстар атқарылды. Нақтырақ айтқанда, 2019 жылдың қаңтар айында облыс бойынша ең алғаш Қарғалы ауданында «Жастар жылының» салтанатты ашылуы өтті. Аудандық жастар ресурстық орталығы аудан әкімі Асқар Жүсібалиевтен «Жастар жылының» туын қабылдап алғалы қарқынды жұмысын бәсеңдеткен емес.
Ақпан айында жас кәсіпкерлермен кездесіп, мекемелер және кәсіпкерлермен стоматологиялық қызмет, шаштараз, қоғамдық монша, жиһаздар дүкені сынды қажетті қызметтер жастарға жеңілдетілген бағамен ұсынылуда.
Сонымен қатар, түлектер мен жас мамандарға мемлекет тарапынан «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел» т.б бағдарламалар мен жобалар жұмысқа тұрып, баспаналы болуына өз септігін тигізуде. Есепті кезеңде аудан бойынша жиырма бес жас «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша үй алып, жиырма жеті жас жастар тәжірибесінен өтуде. Ал, ауылдың көркеюі мен гүлденуіне биыл аудан бойынша 220 жас өз үлестерін қосуда.
Жалынды жастардың жұмысы мұныменен шектелмейді. Алда алатын асулар да баршылық. Осылайша, талаптанған, еңбек еткен, білімді де белсенді жастары бар елдің балашағы жарқын болмақ.
Асқат Түлкібаев,
аудандық жастар ресурстық орталығынң басшысы