Жемқорлықпен күрес маңызды мәселе

Өткен аптаның жұмасында ауданымызға «Жаңару» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпы ұлттық қозғалысы РҚБ Ақтөбе облысындағы филиалы Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының әлеуметтік тапсырмасы аясында біздің ауданда болып, әлеуметтік нысандарды аралап, кездесу өткізді. Оларды аудан әкімі Асқар Жүсібалиев қарсы алып, әлеуметтік нысандарды аралатты.
Ақпараттық топқа «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпы ұлттық филиал директоры Сабыр Қайрат жетекшілік етіп, аталмыш филиал мүшелері Қайрқожа Елеусизов, Ахат Мырзалин, Ақтолқын Маулетова, Алнияз Шапағат сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы Нұртөре Қалдыбаевтың түсінік баяндамасын толықтыра сұраққа жауап бере пысықтап отырды. Алдымен ауданымызға арнайы келген топ мүшелері №1 Бадамша орта мектебі, аудандық орталық кітапхана, аудандық өлкетану музейлерінде болды. Іс сапар қорытындысын аудандық орталық кітапханасының «Коворинг» орталығында кездесумен аяқтады.
Осы өткен кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Надежда Заглядова, ардагерлер, қоғамдық кеңес мүшелері, әр сала басшылары, жастар өкілдері қатысты.
Көпшілік алдында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы Н.Қалдыбаев жебір құрттай жемқорлықпен күрес жолындағы түсінік жұмысын жеткізді.
Басты тоқталғандары. Бұл дертті жаппай жою жолын, жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасын қалыптастырудан бастауымыз керек. Ендеше жас буынға жемқорлықтың теріс салдары туралы ақпаратты дұрыс жеткізу, олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің қалыптасуына, өз құқықтары мен міндеттерін терең ұғынуына және орындауына «Жаңару» жемқорлыққа қарсы жалпы ұлттық қозғалыс Республикалық қоғамдық бірлестігінің көздеген мақсаты» көмектесудің алғышарттарының бірі болып саналады.
Жаңадан сайланған ел президенті Қасым - Жомарт Тоқаев жемқорлықпен күрес бағдарламасын жеті бағытта айқындап беріп , осы бағытта жұмыс жүргізуді қадағалап отырғаны баршаға аян.
2014 жылы «Қазақстан Республикасының 2015 - 2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы» қабылданды. Осы стратегияда да қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Дамыған елдерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру барысында сыбайлас жемқорлықты рухани жағынан қабылдамауға мән беріледі. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптастырылуын оқу орындарынан бастағанымыз дұрыс. Жас ұрпақты сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілікке тәрбиелеуіміз керек. Қазір сыбайлас жемқорлықтың барлық түрлерін жою үшін Қазақстан азаматтарының құқықтық санасын арттыру жүргізілуде. Өйткені, олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы білімінің болмауына байланысты абайсызда сыбайлас жемқорлықтың қатысушылары болып қалады. Бүгінде мемлекеттік органдарда сенім телефондары орнатылған. Бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік қызметтердің көрсетілуі туралы мақалалар жариялануда. Мемлекеттік органдардың қызметшілері үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы тағылымдамалар өткізілуде. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алуға болады.
Жалпы, біздің елімізде тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап әлемдік стандарттарға сәйкес келетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар жүзеге асырылып келеді. Сыбайлас жемқорлықтың көріністерін жою мақсатында заңнамалық актілер қабылданды. Рұқсаттар мен мемлекеттік қызметтердің алынуын жеңілдету үшін электронды үкімет пен электронды сандық қолтаңба, «бір терезе» қағидаты енгізілді. 2014 жылғы тамызда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылды. Оның негізгі міндеті мемлекеттік қызмет саласындағы басшылықты, мемлекеттік қызмет көрсету санасын бақылау, сыбайлас жемқорлық қылмыстары мен құқық бұзушылықтардың алдын алу болып табылады.
Жоғарыда айтқанымыздай, «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы» сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізі. Осы стратегияда сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар кешені жұртшылықтың қатысуымен жүргізілуі қажеттігі айтылған.
Жалпы сайып келгенде билік басындағылар еңбектеніп, құқық қорғау органдары күреседі дегеннен гөрі жабыла сіз, біз болып жемқорлық пен күрес баршаға ортақ басты мәселе дей келе, сұраққа - жауап беріп, толықтыруларға жалғасты.
Ауыл ағасы ішкі істер қызметінің ардагері Айжарық Сибағатов ақсақал кезінде өзі қызмет еткен жол полициясының қызметін қозғап, денсаулық сақтау саласындағы кейбір жайлар барысында сұрақтарын қойса, аудандық кітапхана әдіскері Нұргүл Мысаева ақпаратшылардың тұшымды түсіндіру жұмыстары үшін алғысын жеткізді.
Аудан әкімі Асқар Жүсібалиев келген түсіндіру тобына ауданға деген оң көзқарастарымен ақпараттық түсінік жұмыстары үшін аудан тұрғындары атынан алғысын жеткізіп еңбектеріне сәттілік тіледі.
Бақыт Имашев