Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша

Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңының 1-бабына сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы — тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының субъектілері жүзеге асыратын, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында адамның және азаматтың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және жолын кесуге, сондай-ақ оларды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауға және жоюға бағытталған құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық шаралар кешені.
Талдау отбасы-тұрмыстық салада көпшілік жағдайда зорлық-зомбылыққа отбасы неке қатынастарында неғұрлым әлсіз болып табылатын әйелдер душар болатындығын көрсетті.
Қарғалы аудандық сотымен 2017 жылдан күні бүгінге дейін отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында 96 әкімшілік іс қаралған. Көп жағдайда істер ӘҚБтК 73-бабы бойынша (отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) жәбiрленушiнiң арызының негізінде қозғалатындықтан және ол әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған тұлғамен татуласуына байланысты тоқтатылуға жататындықтан, ӘҚБтК 64-бабының 1-тармағының негізінде тараптардың татуласуына байланысты ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көріністерінің негізгі себептері тұрмыстық ұрыс-керіс, қолайсыз материалдық жағдай, қызғаныш, отбасындағы теріс психологиялық климат, басқалардың мүдделерін елемеу болып табылады. Көбінесе құқық бұзушылықтар кешкі уақытта жасалады.
Іс жүзінде зорлық-зомбылық әр жағдайда ішімдік ішуден болады және статистика аталған даулардың жиі денсаулыққа зиян келтірумен аяқталатынын көрсетеді.
Сондықтан, тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының әдістерін міндеттері адам мен азаматтың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау болып табылатын психологтармен және басқа да мемлекеттік органдар мен мекемелердің субъектілерімен біріге отырып шоғырландырып қолдану қажет деп санаймыз.
Рысты Жонисова,
Қарғалы аудандық
сотының кеңсе меңгерушісі