Ұлттық мақтанышымыз ұлықталды

Мемлекеттік рәміздер - белгілі бір елдің өзіндік өмір салтын, тіршілік болмысын, арман – мұратын, көршілес елдермен қатынасын білдіретін ерекше белгілер. 1992 жылы 4 маусымда маңызды оқиға болды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері қабылданып, құрметтеліп келеді.
Осы аптаның сейсенбісінде аудандық мәдениет үйінде рәміздерімізді ұлықтау салтанатты жиыны өтті.
Оған аудан әкімі Асқар Жүсібалиев, аудандық мәслихат хатшысы Надежда Заглядова, аудан әкімінің орынбасары Жақсат Төлегенов, аудан орталығындағы ардагерлер, қоғамдық кеңес мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары жастар өкілдері, білім ошақтарының мамандары, мекеме, ұжым басшылары қатысты. Салтанатты жиында бейнекөрініс арқылы рәміздердің шығу тарихымен ел рәміздеріне тер төккен Мемлекеттік тудың авторы Қазақстанның белгілі суретшісі Шәкен Ниязбеков, Елтаңба авторлары-белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шота - Аман Уәлиханов, Гимннің авторлары-осыдан 63 жылы бұрын «Менің Қазақстанымның» сөзін жазған Жұмекен Нажмеденов, әнін жазған Шәмші Қалдаяқов ағаларымыздың еңбектеріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үлес қосқан бүгінгі ұлтымызға рух берер Гимн таныстырылып патриоттық көрністер көрсетілді.
Сахна төріне Елтаңба мен көк Туды желбірете көтеріп Гимн салтантты орындалды. Елдің елдігін байқатар рәміздер күнінің 27 жылдық мерекесімен аудан халқын аудан әкімі Асқар Жүсібалиев құттықтап, айтулы мерекенің маңыздылығына шолу жасап өтті. Құттықтауында аудандағы мемлекеттік мекеме, білім ошақтарында орналасқан рәміздерге қашанда құрметпен қарау керектігіне аса мән берлетіндігінде еске сала кетті. Құттықтау тілегінде осындай құрметтің бірі жуықта айқара есігін ашар Бадамша ауылындағы жаңа саябақта да айшықтала бейнелетіндігін де мерекеге қатысушылардың естеріне сала кетті. Салтанатты мерекені аудандық өнер мектебінің жуықта ғана халық би ансамблі атағын иеленген, республика, облыс көлеміне танымал «Кербез» бишілер тобы театрландырған қазақ тарихын бейнелер көрніс билерімен ашты. Одан әрі аудандық мәдениет үйі мен балалар өнер мектебінің өнерпаздары патриоттық әндерін орындады. Нұрдаулет Қуандықұлы, жас әншілерден құрылған «Сұңқар» триосы, «Алға» әнімен мерекені мәндендіре түссе, Жасұлан Жұмабаев орындаған «Қазағым» әні жастарға жігер, ересектерге күш бергендей әсерде қалдырды. Аудандық мәдениет үйінің жігіттер триосы орындаған «Көк тудың желбірегені» әні жиылғандарға рух , жастарға серпін беріп, патриоттық тәрбиесі мол мерекенің мәнін келтіре түскендей болды.
Қазақстан Республикасының Елтаңбасы, көк Туы, Әнұраны әлемдік рәміздер каталогына еніп, халықаралық қауымдастықта мойындалған. Ендеше елімізді әлемге паш еткен рәміздеріміз тұғырлы да ғұмыры ұзақ, келешекке бағдаршам болғай.
Бақыт Имашев