Спорт

Шаңғышылар шықты сайысқа
Жуықта аудан тұрғындары үшін «Нұр Отан – денсаулығы мықты Қазақстан үшін» акциясы аясында шаңғы жарысы ұйымдастырылды. Салауатты өмір салтын уағыздаған шараға ауданның түкпір-түкпірінен 100-ге жуық қатысушылар шаңғы теуіп, таза ауада сергіп қалды.
Іс-шараны ұйымдастырудың негізгі мақсаты – қысқы спорт түрлері мен салауатты өмір салтын насихаттау, жаппай спортты дамыту, аудан тұрғындарын жаппай спортқа тарту.
«Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы аудандық филиалының қолдауымен шаңғы сайысын жас ерекшеліктері бойынша өткізді. Бұл жолы ауылдық округтерден келген қатысушылар екі қашықтықта кезең-кезеңімен жарысты. Аудандық газ учаскесі, ӨБ-10, ішкі істер бөлімі, Бадамшадағы БЖСМ, мекеме қызметкерлері, ауыл жастары, спорт ардагерлері мен көшбасшы партия белсенділері өзара бақтарын сынады.
Шаңғы жарысының ашылу салтанатына арнайы келген «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Мәлімбет Ибрашов спорттың маңыздылығын айта келе:
- Бүгінгі аязға қарамастан демалыстарыңыздың бір күнін спортқа арнап отырсызда! Мұның өзі бойдағы енжарлықты жеңу. Ендігіде бүгінгі жарыста қарсыластарыңыздың алдына түсіп, жүлдегер атаныңыздар деп, шаңғы тебушілерге сәттілік тіледі.
Бас төреші Виктор Гурьев жарыс алдында қатысушыларды шарттармен таныстырып, басты мақсат жеңу емес, әркімнің өз мүмкіндігін анықтау, шаңғы жолына шығу деді.
Спорт ардагері Анатоли Крутц:
- Ең бастысы бәріңізге болаттай мықты денсаулық тілеймін! Мен өз ұстазым Юрий Алабинге зор алғысымды білдіргім келеді. Шаңғыға алғаш отырғызып, таяқтарын дұрыс ұстауды үйреткен, осы қысқы спорт түріне қызығушылығымды оятқан ұстазыма бүгінгі сайысымды арнаймын – деді. Сықырлаған сары аязға қарамастан, шаңғышылар жарыстан тосылып қалмады. Бадамша ауылдық округі әкімдігі акцияға қатысушыларға ыстық шәй ұйымдастырды. Мәреден шөлдеп келгендер де, шаңғышыларға демеу беріп тоңғандарға да ыстық сусын ұсынылды.
Ақжайық ауылынан ұжымын спорттық шараға ертіп, жергілікті арнайы келген негізгі мектеп директоры Асылхан Исказиев:
- Бір сенбімізді жылы үйде өткізбей, шаңғы жарысына қатысқанымыз кішіге үлгі боларлық іс. Бұл спорт түрі өзіндік ерекшелікке ие, адамның бойына қуат беріп қана қоймайды, тәртіпке, ептілікке үйретеді. Ал, таза ауада, аязда шаңғы тепсең, денсаулығың мықты болады, ауруға төзімді, шымыр боласың. Жеңісті қолдан бермеуге тырысамыз – деді.
Ал, үнемі «Салауатты өмір салты – мықты денсаулық кепілі» деп ұрандайтын аудандық орталық аурухананың қызметкері Қарлығаш Сейтімова шаңғы тепкенді жақсы көреді. Ол:
- Шаңғы тебу – жаздағы көгалда жүгіргенмен тең. Тек, сырғанау арқылы аяққа күш көп түспейді. Былайғы күндері, суық суға шомылып шынығамын. Менің ойымша, жеңіл-желпі таңғы жаттығу болсын, басқасы болсын адамның күнделікті әдетіне айналуы қажет – дейді.
18-30 жас аралығында қыздар арасында Татьяна Краскова І орын, Дарина Жолаева ІІ орын, Айым Темирбаева ІІІ орынды иеленсе, жігіттер арасында осы жас ерекшелігінде Артём Олейников І орын, Ерлан Оразбаев ІІ орын, Артём Пухальский ІІІ орын алды. 30 жастан асқан әйелдер арасында Сәнімай Алдашева І орын, Айнұр Гусманова ІІ орын, Наталья Кунтуарова ІІІ орынды жеңсе, ерлер ішінде Владимир Олейников І орын, Нурлан Турмухамбетов ІІ орын, Юрий Вансач ІІІ орынды иеленді. Бадамша ауылының Агротехникалық колледжінің студенті Татьяна Краскова І шақырым қашықтықта шаңғы тебуде ең үздік көрсеткішке қол жеткізсе, 2 шақырымда қосестектік Владимир Олейников қысқа мерзімде мәреге жетті. Қатысушылардың арасында әккі шаңғышылар да, жыл он екі айда шаңғы таяғын қолына алғаш алып тұрғандар да болды.
Ауылдық округтердің командалық есебі бойынша Бадамша 59 ұпаймен І орын, 18 ұпаймен Желтау мен Кемпірсай ауылдық округі ІІ орынға, 16 ұпаймен Қосестек пен Степной ауылдық округі ІІІ орынды жеңіп алса, Велиховка мен Ащылысай 8-9 ұпаймен соңғы орынды місе тұтты.
Жарыс қорытындысында жеңімпаздарға арнайы марапат қағаздары табысталды.