Сәрке батыр және Естектер

Бүгінде, құймақұлақ шежірешілер: «Орыстармен соғыста жеңіліске ұшырап, Жайық бойындағы Кіші Жүздің Жетіру еліне қашып келген 50 мың естекті (башқұртты) Сәрке батыр құрметпен қарсы алып, олардың қуғыншылары – қалмақтар мен казактарды қырып салған. Башқұрттарды қарсы алған төбе, бүгінде «Сәрке төбесі» деп аталады...» дегенді айтады.Осы әңгімені тарихи деректермен салыстырып қарайтын болсақ, сәйкестікті табамыз.
Расында да, тарих беттеріне үңілсек, Сәрке бабамыз өмір сүрген тұстарда, атап айтқанда 1755-1756 ж.ж. көпшілік «Батырша» деп атап кеткен Ғалиев Абдулла молда бастаған башқұрттардың көтерілісі болғанын көреміз. Бұл көтерілістің шығуына патша әкімшілігінің өкілдері тарапынан башқұрттарды зорлап шоқындырулары, жерлерін тартып алулары, тіпті олардың өздігінше тұз өндірулеріне қарсы болып, тұзды тек қазыналық магазиндерден ғана сатып алуларын міндеттеуі, қару ұстауларына, оны айтасыз рұқсатсыз ауылдардан шығуларына т.б. тиым салулары себеп болған. Сол кезеңдерде, башқұрт еліндегі барлық ұстаханалар тегіс жабылғанын және патша әкімшілігі өкілдеріне, кез келген башқұрттың қару жасаумен шұғылданғанын немесе қару сақтағанын айтып келген адамға, әлгі «тәртіпті бұзған» естектің астындағы жалғыз атын да тартып алып беру құқығы берілгендігі жөніндегі нақты деректерді бүгінгі мұрағаттардан көруге болады...
Міне, осындай шектен шыққан озбырлықтарға шыдай алмаған естектер, 1755 жылдың 15 мамырында, Оңтүстік Башқұртстандағы Бурянск болысының «Ноғай жолы» деп аталатын жерінде тау-кен іздестіру партиясының басшысы Брагин дегенді өлтіріп, көтерілісті бастайды. Негізінде бұл көтеріліс, жоғарыда көрсетілген күннен 2,5 ай кейін басталып, оны бүкіл елдегі башқұрттар қолдауы тиіс болатын және көтеріліс жеңіліске ұшыраған жағдайда көрші Қазақ еліне қарай шегінетіндіктері жоспарланған еді. Көтеріліс басшылары бұл жөнінде, 1754 жылдың өзінде-ақ, Орта Жүздің ханы Абылаймен құпия түрде келісім жасасып қойған болатын. Алайда, көтеріліс межеленген күннен тым көп уақыт бұрын кездейсоқ басталып кеткендіктен, Батырша ел аумағындағы көтерілісшілерді ұйымдасқан бір орталықтан басқарып тұруға үлгермей қалған. Бұл туралы танымал тарихшы А.П.Чулошников өзінің кітабында былай деп жазады: «...Все движение, рассчитанное на широкую поддержку местного населения, предположено было начать 3 июля 1775 года по сигналу башкир Ногайской дороги, которых сейчас же должны были поддержать своим выступлением различные угнетенные массы, во главе с башкирами же, и других районах страны. Общий план восстания предусматривал с самого начала дружественную помощь со стороны казахского народа... » (А.П.Чулошников. «Восстание 1755 г. в Башкирии»).
Көтерілісшілер бекіністер мен зауыттарға шабуылдап, орыстар қоныстанған елді мекендерді жойып отырды, пошталарды басып алды, старшындарды өлтірді.
А.П.Чулошниковтың жазуы бойынша, көтеріліс жоспарланғаннан ерте басталғандықтан, бұған көп аумақтар толық дайын болмаған. Сондықтан, 18 мамыр күні көтерілісшілерді басып-жаншуға келген полковник Исаков дегеннің жазалаушы командасы 22 мамыр күні естектерді Жайық өзеніне қарай ығыстыра бастапты. Сол кезден бастап, көтерілісшілер өзен арқылы Қазақ елінің жеріне топ-топ болып, оқтын-оқтын өтіп тұрған. Бұл жөнінде де А.П Чулошников былай деп жазады: «...Самое большее, на что могли рассчитывать в этом случае башкиры, это было бы принятие их местными казахами более или менее дружественно».
Дегенмен, көтеріліс тоқтаған жоқ. Бұл көтерілісшілердің бас көтеруінің бірінші кезеңі ғана еді.Тамыз айында елде қалған естектер екінші рет тағы да көтерілді. Бұл жолы да бірнеше старшындар өлтіріліп, зауыттар қирап, пошталар өртелді. Жазалаушы отрядтардың қысымымен көтерілісшілердің белсенді топтары, бұл ретте де, Қазақ жеріне өтіп кеткен.
Тамыз айының соңында, анығырағы 27-28 тамызда, Солтүстік Башқұртстандағы «Осинской дорога» деген жерде Мұстай мен Ақбаш бастаған естектер, өздерінің старшындарын өлтіріп, үшінші мәрте көтеріліске шықты. Әкімшілік бұларға қарсы да аяусыз күрес жүргізіп, басып-жаншып тастаған.
Бұл кезде Орынбор губернаторы Неплюевтің қол астында жақсы қаруланған 24 мың әскерлер бар еді. Неплюев естектерге татарлар мен сібір халықтары қосылып кетпеуі үшін қарамағындағы бүкіл әскерін көтерілісті басуға аттандырды. Бұдан басқа Мәскеуден, Ревельскден және Троицкден үш бірдей полк көтерілісшілерді басып-жаншуға жіберілген болатын. Сондай-ақ, Башқұртстанға 25 мың солдаттан тұратын патшаның арнайы құрылымы да аттандырылды. Осыншама әскер бүкіл Башқұртстанды қоршауға алған. Оның үстіне, Доннан 2 мың казак әскері орыстарға көмекке және келе жатты. Осы тұста, Батыршаның көзін жойған адамға 1000 рубль және өте құнды сыйлық тағайындалғаны да жарияланған еді. Тіпті, 1775 жылдың 26 қыркүйегінде, қатын патша Елизавета, Орталық Повольжедегі татарларға манифесть жолдады. Онда, көтерілісшілерге қарсы соғысуға қатысқан татарларға естектерден олжалаған дүние-мүліктер мен тұтқындарды толық меншіктенуіне рұқсат етілетіні жазылған. Нәтижеде, көптеген Қазан татарлары естектердің көтерілісін басуға белсене қатысты. Міне, осындай өте қиын жағдайда қалған 50 мың естек, бала-шағаларымен және дүние-мүліктерімен бірге, Жайық өзені арқылы Қазақ жеріне өтіп, паналауды мақсат етті.
А.П.Чулошников өз еңбегінде, Сәрке батыр бастаған Жетіру өкілдерінен құралған қазақтар, башқұрттарды өз жеріне өткізіп жіберіп, оларды қуып келе жатқан қалмақтар мен казактарға қарсы тұрып, тоқтатқанын жазады.
Сәрке батырдың естектерді достық пейілмен қарсы алуы және қалмақтар мен казактарға қарсы соғысып, оларды көп шығынға ұшыратуы – Орынбор әкімшілігін шошытып жіберген. Өйткені, қазақтар мен башқұрттар бірігіп кетсе, орыстың жағдайы қиындайтыны анық еді. Осыған байланысты, Орынбор әкімшілігі жедел түрде 29 мамырда және 7 маусымда – 2 рет, жасырын түрде құпия хаттармен, өздерінің арнайы елшілері Усман Арасланов дегенді Кіші Жүздің ханы Нұралыға, ал Матвей Арапов дегенін Орта Жүздің ханы Абылайға аттандырады. Мұндағы олардың мақсаттары – Қазақ еліне өтіп кеткен башқұрттарға қазақтарды айдап салу болатын. Бірақ, қазақтар олардың арандатуларына ерген жоқ. Бұл туралы деректерді де сол А.П. Чулошниковтың кітабынан кездестіреміз. «…После 8-суточного перехода и днем и ночью, башкирские повстанцы остановились в это время в расположении кочевий казахского старшины Джагалбайлинского рода Серки (Сарке) батыра, который находился в ведомстве ханского брата султана Айчувака, – деп жазды ол. – Здесь они были встречны без всякой враждебности местными казахами и «не одоничкам разобрано, но токмо посемейно разделены, и не яко пленники, но яко гости».
Осы оқиға жөнінде қазақтың тарихшысы Орманов та былай деп жазған: «…Предводитель Жагалбайлинского рода Сарке батыр в 1755 году организовал дружестенную встречу башкир на небольшой горке 5-6 км от реки Яик, ныне это место называется Сарке тобе (горка Сарке) на территории Беляеевского района Оренбургской области в 15 км от районного центра. Небольшое отступление. Расселение было по парам, т.е. посемейно, муж и жена, вдоль реки Каргала Актюбинской области Республики Казахстан. Слово «пара» – по казахски «қос», самих башкир казахи называли – «естек». Место, где было найбольшее количество расселений башкир по парам – зимовку старшего сына Сарке батыра Танирбергена – в честь этого события называли «Қос Естек».
Тарихшылардың жазуынша, естектер Қазақ елінің жеріне өткенімен орыстарға шабуыл жасауын тоқтатпаған екен. Олар, орыстардың бекіністеріне үнемі шабуыл жасап тұрған. Мұнда естектерге, Сәрке батырдың сарбаздары мен Бөгенбай батыр және Есет батырдың ұрпақтары бастаған Табын және Тама руларының жауынгер-жігіттері жақыннан жәрдем беріп отырыпты. Нұралы хан, Неплюевтің өтінішін, яғни Жетіру сарбаздарын естектерге қарсы қою жоспарын неше мәрте іске асыруға тырысқанымен, одан ешқандай нәтиже шығара алмаған. Тіпті, хан өзінің қарамағындағы әскерін Сәрке батырды көндіруге аттандырып та көрген. Алайда хан әскері, Сәрке батырдың сарбаздарынан, ойсырай жеңіліп, көп шығынға ұшырапты...
Естектердің көтерілісі тек 1756 жылдың көктемінде, яғни қатын патшаның «башқұрттарға кешірім берген» жарлығы шыққаннан кейін ғана саябырси бастаған. Ресей патшайымы естектердің қазақтармен достық қатынасының мықтылығын сезгеннен соң ғана сескеніп, басқа ешқандай амал таппай, осындай шара қолдануға мәжбүр болыпты. Бұл туралы да тарихшылар егжей-тегжейлі жазған: «...Перед царской властью нависала, таким образом, определенная угроза постепенного сплачивания в тесный союз двух угнетенных народностей, готовых в каждый момент нанести этой власти неожиджанный и чувствительный удар...» (А.П.Чулошников. «Восстание 1755 г. Башкирии»).
Патшайымның, аталған жарлығында, естектердің жерге деген бұрынғы құқықтары сақталатындығы, зорлап шоқындыруға тиым салынатындығы, Қазақ елінен Башқұртстанға қайтқан естектерге кешірім берілетіндігі т.б. бірқатар жеңілдіктер жасалатындығы жазылған. «...Алайда, Башқұртстанға естектердің 12-15 мыңдайы ғана қайтты. Қалғандарының бір бөлігі Жетірудың ішіне сіңісіп кетсе, екінші бөлігінің ұрпақтары, әліге дейін қазақтардың арасында Естек руының атымен жасап жатыр... » дейді шежіреші қариялар.
Иә, бұл аты аңызға айналған, жерлесіміз Сәрке батыр туралы тарихи деректер мен шежірелердің бір парасы ғана. Бүгінде, ол туралы талай мәліметтер анықталып, БАҚ-тарда жарияланып, жеке кітаптар да басылып шығарылуда. Дегенмен, әлі де болса, даңқты бабамыздың жеке өмірі мен ұлтымызға еткен еңбектері, ел қорғауда жасаған ерліктері мен көрші туысқан халықтармен байланыстағы достық қарым-қатынастары жөнінде шаң басқан мұрағаттарда жатқан талай деректер мен ел ішіндегі құймақұлақ шежірешілердің жадында қаншама әңгімелер, өздерінің ғылыми айналымға түсулерін күтіп тұр десеңізші!.. Олардың бәрін ерінбей іздеп тауып, зерттеп және зерделеп, ұлтымызға сыйлайтын ғалымдарымыздың қатары көбейіп жатса, нұр үстіне нұр болатыны даусыз.
ӘБДІСӘЛИ
ДӘУЛЕТБАЕВ