Білім саласында жетістікке бастайды

Халқымыздың жағдайы, тұрмысы күннен күнге жақсарып, еліміз дами түсуде. Бірақ та 90-шы жылдардың қысылтаяң заманында жіберіп алған рухани саланы қолға алудың кезі келді. Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының осы уақытта шығуы қазіргі таңда өте өзекті. Себебі әлем «жаһандану» заманына аяқ басты. Бүкіл Жер шарының сан-түрлі ұлт-ұлыстарының технология, мәдениет және тағы да басқа салаларда бір-бірімен алмасуы, бір ұлтқа ғана тән дүниелердің жалпыға ортақ болуы, саны аз халықтардың өздеріне тән ұлттық-мәдени ерекшеліктерінен айыруы мүмкін.
Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында білім саласына ерекше назар аударып, сала қызметкерлері алдына үлкен міндеттер қойды. Білім саласында келе жатқан реформалар болашақта елімізді дамытатын өскелең ұрпақты мықты маман қылып шығаруға бағытталған. Осындай ұлы мұрат жолында біздер, білім саласы мамандары бірігіп жұмыс істеп, ел болашағы үшін аянбай еңбек етуге дайынбыз. Осыған орай, үлкен жауапкершілік жүктеліп отырған мұғалімдерге жаңашылдықпен жұмыс жасауға тура келеді. Ең алдымен барлық пән бойынша білім сапасын арттыру керек. «Kyndelik.kz» жобасы ата-аналар, оқушы мен мұғалімдер арасындағы байланыстарды арттыруға септігін тигізетін инновациялық жоба. Ал «үш тілді білім беру» жүйесіне көшу мақсатында аудан мұғалімдері біліктіліктерін арттыру курстарына тұрақты түрде жіберіліп отырады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы еліміздің қоғамының рухани жаңғыруын тездететіні даусыз және де білім саласының бұл процеске қосатын үлесі зор.
Индира Сакауова,
аудандық білім бөлімінің басшысы